Өскемендегі Ертіс концерт залында 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай салтанатты жиын өтті. Заң мен тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген ішкі істер органдары қызметкерлерін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтады.
– Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер әділетті мемлекет пен қауіпсіз қоғам құруға өлшеусіз үлес қосып, «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға атсалысып келесіздер. Жыл сайын шығысқазақстандық полиция қызметкерлерінің күшімен мыңдаған қылмыстың беті ашылуда. Бұл – сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіздің, табандылықтарыңыз бен батылдықтарыңыздың нәтижесі.
Облысымызда құқық қорғау саласына ерекше көңіл бөлінуде. Биылдың өзінде республикалық және жергілікті бюджеттерден бұл мақсатқа 20 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Аудандардағы ішкі істер бөлімдері де жан-жақты дамып келеді. Мәселен, Самар мен Тарбағатай аудандық полиция бөлімдеріне автоматтандырылған телефон станциялары сатып алынса, Катонқарағай мен Марқакөл бөлімдерінде жедел басқару орталықтары орнатылды. Сонымен қатар, былтыр Өскемен–Алтай–Рахман қайнары бағытындағы автожол бойында мобильді стационарлық бекет ашылды.
Құрметті тәртіп сақшылары, сіздерге өз істеріңізге деген адалдықтарыңыз, батылдығыңыз және төзімділігіңіз үшін алғыс айтамыз. Қатарымызда ардагерлеріміз – Құрмат атамыз бастаған үлкендеріміз отыр. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге халықтың шексіз алғысы мен құрметі болсын, – деді аймақ басшысы.
Салтанатты жиында қызметтік міндетін адал атқарып, жоғары нәтижеге қол жеткізген тәртіп сақшылары облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Мереке аясында облыстық полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков бірқатар қызметкерге мерзімінен бұрын арнаулы атақтар табыстап, мақтау грамоталарын ұсынды.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің балалары арасында өткен «Менің ата-анам – полиция қызметкері», «Полицей болғым келеді» атты сурет байқауының жеңімпаздары да марапатталды.
Шара соңы облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.