26.06.2025 в 09:55

Жұмысшы мамандықтары жылы: Шығыста «Кәсіби маман» байқауының қорытындысы шығарылды

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық білім басқармасы бірлесіп, дуалды оқытудың өңірдегі нәтижелері мен даму мүмкіндіктерін саралап, «Кәсіби маман» байқауының аймақтық кезеңінің қорытындысын жариялады.
Палата директоры Қайрат Мамырбаевтың айтуынша, Шығыс Қазақстанда дуалды білім беру жүйесінің көрсеткіштері жыл сайын жақсарып келеді.

– 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша облыста дуальды оқыту жүйесіне 28 колледж, 663 кәсіпорын және 149 сертификатталған тәлімгер қатысып отыр. Қазіргі таңда 5 мыңға жуық студент осы жүйе арқылы білім алуда, – деді ол.
Сондай-ақ Қайрат Мамырбаев дуалды оқыту маман даярлаудағы ең тиімді жолдардың бірі екенін атап өтті.

– Дуалды оқытуға қатысатын кәсіпорындар студенттерге тәжірибелік сабақ өткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, оқу процесін өндіріс қажеттілігіне бейімдейді. Бұл өз кезегінде кадр сапасын арттырып, білікті мамандардың қалыптасуына жол ашады, – деді ол.
Бұл жүйені алғашқылардың бірі болып енгізгендердің қатарында «Өскемен ЖЭО» ЖШС-нің корпоративтік оқыту орталығы бар.

– Алдымен бізде кадрлық саясатты дамыту және жас мамандарды даярлау стратегиясы әзірленді. Студент оқу процесінің басым бөлігін кәсіпорында өткізіп, өндірістік қызметпен айналысқан кезде дуалды оқыту ерекше тиімділік береді, – дейді орталық басшысы Наталья Слабодчикова.
Биыл алғаш рет «Атамекен» ҚР ҰКП бастамасымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында «Кәсіби маман» байқауы ұйымдастырылып отыр. Жуырда Өскемен қаласында байқаудың өңірлік кезеңі өтті.

Байқау жеңімпаздары:

«Кадрлар даярлауға қатысушы үздік кәсіпорын» аталымы – «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ

«Жұмысшы кадрларды даярлау жөніндегі үздік колледж» – Өскемен көпсалалы технология колледжі

«Өндірістегі үздік тәлімгер» – Тоқышев Ернұр, «Өскемен ЖЭО» ЖШС қазандық цехының аға машинисі

Жеңімпаздар енді республикалық кезеңде Шығыс Қазақстан облысының атынан өнер көрсетіп, бақ сынайтын болады.