Газ ауылдарға келе бастады: ШҚО Зайсан ауданында 8 елді мекенге газ тартылады

Рейтинг
29.05.2025, 21:27
Газ ауылдарға келе бастады: ШҚО Зайсан ауданында 8 елді мекенге газ тартылады

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Зайсан ауданының тұрғындарымен кездесіп, тұрмыс, инфрақұрылым және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне тоқталды. Әсіресе, газдандыру тақырыбына ерекше назар аударылып, аталған бағытта қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы жылдарға арналған жоспарлар баяндалды.

Бүгінгі таңда Зайсан ауданындағы 10 елді мекенде, соның ішінде Зайсан қаласында да, орталықтандырылған газбен жабдықтау жүйесі жұмыс істейді. Бұл шамамен 23,6 мың адамды немесе аудан халқының 66 пайызын (жалпы 35,6 мың адам) қамтуға мүмкіндік беріп отыр.

– Соңғы 9 жылда Зайсан ауданын газдандыруға 4,3 млрд теңге бағытталды. Оның 3,5 млрд теңгесі – республикалық бюджеттен, қалғаны – облыстық қаржы. Бұл жүйелі жұмыс және оны жалғастырамыз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Өңір басшысы газдандыру бойынша негізгі инфрақұрылымдық жобалардың бірі ретінде Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Біржан, Сарытерек, Жарсу, Бақасу және Саржыра ауылдарына дейін газ құбырын тарту жобасын атады. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда қосымша 6,3 мың адамды газбен қамту мүмкін болады, нәтижесінде аудан бойынша газдандыру деңгейі 84 пайызға (29,9 мың адам) жетеді.

Алайда, жобаны жалғастыру үшін балама газ көзі анықталуы қажет. Облыс әкімі бұл мәселе ведомствоаралық деңгейде қарастырылып жатқанын айтты. Себебі, газ желісін кеңейту ғана емес, оның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету де аса маңызды.

– Газ – бұл тек үйдегі жылу емес, ол – шағын бизнеске, өндіріс пен әлеуметтік инфрақұрылымға тірек. Сондықтан бұл мәселеде кешенді әрі мұқият тәсіл қажет, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Газдандырумен қатар, ауданда жылу жүйесін жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Қазіргі таңда

Зайсан ауданында 73 жылу нысаны жұмыс істейді, оның ішінде 4-і – орталық газ қазандығы, 69-ы – автономды қазандық. Бұл қондырғылардың 32-сі қатты отынмен, 21-і электр қуатымен, ал 16-сы газбен жұмыс істейді. 2024 жылы Зайсан қаласындағы қазандықтарды ағымдағы жөндеуге 65 млн теңге бөлінді.

Зайсан қаласындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 4,5 шақырым. Олардың тозу деңгейі – 15 пайыз. Уақтылы жаңғырту – энергия тиімділігін арттырып, шығындарды азайтудың маңызды тетігі.
Зайсан ауданы – Шығыс Қазақстан облысының шекаралық, әрі стратегиялық маңызы бар аудандарының бірі. Ол көлік-логистикалық және энергетикалық тұрғыдан ерекше рөлге ие.

Сондықтан инфрақұрылымды, соның ішінде газ жүйесін дамыту – инвестициялық ахуалды жақсартудың және халықтың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды тетігі ретінде қарастырылып отыр.

Сұхбат

PhotoRoom