29 мамыр күні Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Бала қауіпсіздігі – басты назарда» атты ауқымды іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шара Мемлекет басшысының «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасын әзірлеу жөніндегі IV Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасына сәйкес, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен өткізілді. Бұл бастама 22 мамыр мен 1 маусым аралығында республика көлемінде балалардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Іс-шара барысында балалар мен жастарға ТЖД-нің заманауи құтқару техникалары, дрондары, арнайы жабдықтары мен көліктері көрсетілді. Қатысушылар алғашқы медициналық көмек көрсету жолдарын үйреніп, төтенше жағдайлар кезінде қауіпсіз мінез-құлық ережелерімен танысты.
Бұл бастама балалардың өмір қауіпсіздігіне деген саналы әрі жауапты көзқарасты қалыптастыруға, азаматтық қорғау саласы туралы түсініктерін кеңейтуге зор ықпал етті.
Іс-шара соңында белсенділік танытқан балаларға ТЖД атынан арнайы алғыс хаттар мен марапаттар табысталды.