Облыс орталығы - Түркістан қаласы өзінің мәдени-тарихи мұрасымен ерекше. Соңғы жылдары қала қарқынды дамуда. Өңірдің табиғи ресурстары, экономикалық және мәдени әлеуеті айтарлықтай. 2024 жылдың қаңтар-маусым айларындағы жалпы өңірлік өнім көлемі ағымдағы бағамен 1,757 трлн теңгені құрап, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға артты.
Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9%-ға өсті. Тау-кен өндірісінде өсім 5,8%-ды, өңдеу өнеркәсібінде – 12,6%-ды құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдері 4,5%-ға артты. Бөлшек тауар айналымы 9,6%-ға, көтерме сауда көлемі 50,8%-ға өсті.
Түркістан облысы мал шаруашылығы мен егістікті дамытуға қолайлы өңір. Еліміздегі ақ алтын мақта да жалғыз осы Түркістанда өседі. Осы күні өндірістің де саны артып келеді.
Облыс орталығында соңғы жылдары көптеген ғимараттар салынып жатыр. Олардың арасында халықаралық әуежай бар. Қаланың инфрақұрылымында өзгеріс көп, табиғи газ тарту басталып кеткен, кәріздендіру жүйесін ретке келтіру, көгалдандыру, көшелерді абаттандыру сияқты жұмыстар атқарылып жатыр.
Түркістан облысының ең үлкен байлығы - адами капитал. Халық өте көп, тығыз орналасқан. Ол жерде бір гектар суармалы жердің өзі бір отбасын толық асырайды. Жерді үнемдеп, халыққа бекітіп бере отырып, халықтың алатын пайдасын көбейтуге мүмкіндік бар. Қазір Түркістан облысында 900 мыңға гектарға жуық егістік жер бар (110 мың га мақта, 46 мың га көкөніс, 230 мың га егістік). Осыған байланысты ауыл шаруашылығы - Түркістан облысының қазіргі тұрмыс көзі болып есептеледі. Сондай-ақ Созақ, Отырар, Бәйдібек аудандарында мал жайылымдары өте көп. Жалпы, 4 миллион гектардан астам жайылымдық жер бар.
Соңғы дәстүр бойынша халық мал бордақылау кәсібіне көшкен. Әсіресе, Сайрам ауданының тұрғындары осыған бейімделген.
Түркістан облысында, оның ішінде облыс орталығында туризм қарқынды дамиды деп күтілуде, сондай-ақ өнеркәсіп пен өңдеу саласы да қарқын алады. Облыста 2 млнға жуық халық бар.
Ал Түркістан – дайын туризм ордасы. Тіпті, «Жібек жолының» «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тасжолының бойында тұр. Қалыптасқан қатынас жүйесі бар. Сондықтан Түркістанның жеткілікті менеджмент жүйесі мен қолайлы инфрақұрылымын жасау керек. Экономика жақсарса, халықтың демографиялық өсімі артады, тұрмысы жақсарады. Демек, бұл қазақ қоғамы үшін – экономикалық, саяси, рухани үшжақты пайдасы бар шешім.
Түркістан қаласында өнеркәсіп саласы да дамып келеді. Аймақта өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және азық-түлік өнеркәсібі кеңінен таралған. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары қала экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді. 2023 жылы Түркістан облысына тартылған инвестиция көлемі 20%-ға өсіп, бұл жаңа өндіріс орындарын ашуға жағдай жасады.
Қаланың инфрақұрылымдық дамуы – экономиканың басты қозғаушы күші. Жаңа жолдардың салынуы, әуежай мен теміржол желілерінің кеңеюі Түркістанды елдегі маңызды көлік және логистика орталығына айналдырып келеді. Әсіресе, халықаралық қатынас үшін маңызды әуежайдың құрылысы мен "Түркістан – туристік хаб" жобасы қаланың экономикасын жаңа деңгейге көтеруде.
Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы соңғы жылдары үлкен жетістіктерге жетіп, жаңа деңгейге көтерілді. Туризм, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылымдық даму салаларындағы табыстар қаланың болашағына үлкен сенім ұялатады. Түркістан Қазақстанның экономикалық орталығы ретінде аймақтың ғана емес, елдің дамуына елеулі үлес қосатын айрықша қалаға айналуда.