29.05.2025 в 11:10

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ІШІМДІКТЕН БАС ТАРТУҒА АРНАЛҒАН ШАРАЛАР ЖАЛҒАСУДА

 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы жасаған баяндама-тезистерінде жыл сайын алькогольге құмар адамдардың екі жарым миллионнан (2,6 миллион) астамы қайтыс болады делінген. Яғни, бұл көрсеткіш – 2,6 миллион адам ішімдікті шамадан артық ішіп және 0,6 миллион адам түрлі зиянды психобелсенді заттарды пайдаланып қайтыс болады.

Осы сараптаулардың ішінде ішімдікті мөлшерден тыс тұтынған 2 миллион адамның және психобелсенді заттарды қолданып қайтыс болған 0,4 миллион адамның ер адамдар екендігі анықталған. Дүниежүзідік денсаулық сақтау ұйымының мамандарының зерттеуінше, арақ-шарап ішіп, қарапайым өмір сүру дағдысынан айырылған, адам қатарлы өмір сүру қабілеті күйреген адамдардың саны 400 миллионға жеткен. Мұның ішінде 209 миллион адам алкогольді сусындарсыз өмір сүре алмайтындай, ерекше тәуелді болған.

Еліміздегі жағдайға келсек денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, 2024 жылдың қазан айының басындағы жағдай бойынша Қазақстанда алкогольге тәуелділікпен есепте 90 981 адам, оның ішінде 109 кәмелетке толмаған адам тұр. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда алкогольге тәуелділер санының өсуі байқалады. Түркістан облысы бойынша спирттік ішімдікке тәуелді 3 807 тұлға есепте тұрады.

 

Бүгінгі таңда елімізде алкогольге тәуелділікті қамтитын психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар адамдарға (ППР) көмек көрсету үшін 20 психикалық денсаулық орталығы (ПДО), қалалық амбулаториялық-емханалық ұйымдар деңгейінде 80 бастапқы психикалық денсаулық орталығы және аудандық деңгейде 205 кабинет жұмыс істейді. 

 

2024 жылдың 6 айында 13779 пациент стационарлық емделуден өтсе, оның 11668 — і алкогольге тәуелді. 

2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда алкогольге тәуелділікпен есепте 90 981 адам тұр. Бұл санның 109 — ы кәмелетке толмағандар, ал қалған 90 872 — сі ересектер.

 

Өңірлер бойынша  көрсеткендей, тәуелділіктің ең жоғары деңгейі Павлодар облысында (7 001 адам), Ақтөбе облысында (6 705 адам) және Қостанай облысында (6 604 адам) байқалады.

Ал енді ішімдікке тәуелді жандармен жұмыс жүргізу мәселесіне тоқталсақ. Аталмыш бағытта Түркістан облысы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндайтын болсақ, жалпы еліміздеалкогольмен күресу үшін түрлі шаралар жүзеге асуда. Алкогольге тәуелділікпен күрес шаралары негізгі үш бағытта жүргізіледі. Ол:

• Алкогольге тәуелділіктен зардап шегетін адамдарға медициналық көмек көрсету;

• Медициналық-әлеуметтік оңалту;

• Ел тұрғындарымен профилактикалық іс-шаралар жүргізу. 

- Тәуелділікпен күресу кешенді шараларды қажет етеді. Маскүнемдіктің алдын-алудың алғашқы сатысы – бұл алкогольді үнемі ішуді бастамаған немесе оны енді қолдана бастаған адамдарда алкогольге тәуелділіктің дамуын болдырмауға бағытталған шаралардан тұрады. Ең алдымен өңірлерде алкогольдің зияны және оның денсаулыққа тигізетін зардаптары туралы баяндайтын ақпараттық және білім беру науқандарын өткізу жатады. Оның ішінде брошюралар, буклеттер, ақпараттық стендтер тарату, сонымен қатар ашық есік күндерін, семинарлар өткізу қажет. Екіншіден, оқушыларға, студенттерге және басқа да жастарға маскүнемдік мәселесі бойынша семинарлар мен тренингтер өткізудің де маңызы зор, – дейді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының маманы Меруерт Тұрғынбекқызы.

Маманның аутынша, Түркістан облысына қарасты 17 ауданда аталмыш шаралар тұрақты түрде жүргізіледі. Сонымен қатар, медициналық ұйымдардың вебсайттарына ақпарат орналастыру, жергілікті телеарналардан арнайы сюжеттер көрсету, көшелерде билборд, баннерлерге ақпарат жариялау да жүргізіліп келеді. Химиялық және мінез-құлықтық тәуелділіктер адамның өміріне ауыр әсер етіп, оның әлеуметтік, психологиялық және физикалық жағдайына теріс ықпал етеді. Тәуелділікпен күресу үшін кешенді алдын алу және емдеу шараларын қабылдау қажет. Тек қоғам болып бұл мәселеге назар аударып, жастарға дұрыс бағыт беру арқылы тәуелділіктің теріс әсерінен арылуға болады.