ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АЛКОГОЛЬГЕ ТӘУЕЛДІЛІКТІҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ

Рейтинг
28.05.2025, 10:13
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АЛКОГОЛЬГЕ ТӘУЕЛДІЛІКТІҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ

Қазақстан үкіметі алкоголь мен темекі өнімдерінің қолжетімділігін шектеуге бағытталған бірқатар заңнамалық актілерді қабылдады. Атап айтқанда, бұл алкоголь мен темекі сату ережелерін қатайту: түнде сатуға тыйым салу, жас шектеуін 21 жасқа дейін ұлғайту. Сонымен қатар, алкоголь мен темекі өнімдеріне ұлғайтылған акциздік салықтар енгізіліп, олардың табысы аз адамдар үшін қолжетімділігі төмендеді. Бұл да болса өз кезегінде ішімдікке тәуелділіктің алдын алуға бағытталған шаралардың бір бөлігі болып табылады.


Стратегияның маңызды бөлігі алкоголь мен темекіге тәуелділіктен зардап шегетін адамдарға қолдау көрсету болып табылады. Елімізде жан-жақты қызмет көрсететін мамандандырылған оңалту орталықтары бар: наркологиялық емдеуден бастап психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетуге дейін. Сондай-ақ нашақорлықпен күресуде көмек сұрағандар үшін сенім телефондары мен онлайн платформалар жұмыс істейді. Аталмыш орталықтарда анонимді ем қабылдаушылар да бар. Яғни, пациенттің аты-жөні өзге де деректері ешжерде көрсетілмейді.

- Ер адамдар әйелдерге қарағанда алкогольден бес есе жиі зардап шегеді. Тұқым қуалаушылық бейімделушілік аурудың дамуын айтарлықтай жылдамдатады. Адам неғұрлым жас болса, оның алкогольге тәуелділікке барар жолы соғұрлым қысқа болады, - дейді нарколог маман Байғонова Айтолқын Сайлаубекқызы.

Нарколог мамандар «алкоголизм» диагнозын қою үшін бірнеше параметрлерді басшылыққа алады. Пациентті қарау кезінде терінің серпімділігінің (тургордың) төмендеуі, пастоздық, бет терісінің қызғылт түсі сияқты өзгерістер, бауырдың зақымдану белгілері байқалатынын айтады.

Түркістан облысында алкогольге қарсы сананы дамыту шараларының нәтижесінде жастар арасында алкогольді тұтынудың деңгейін төмендетуге, салауатты өмір салтын насихаттауға және қоғамның жалпы денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл процесс тұрақты білім беру, ақпараттандыру және қоғамдық белсенділік арқылы жүзеге асырылады. 

Түркістан облысы бойынша ішімдікке тәуелділік шараларының алдын алу жұмыстары туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұсынған мәліметіне сәйкес жыл басынан бері өңірде алкогольдің зияны туралы 444 семинар өткізілген. Оның ішінде Созақ аудандық орталық ауруханасының мамандары 180 семинар өтсе, Ордабасы ауданында ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында 38 семинар өткен. Ал, Сарыағаш өңірінде 32 семинар аталмыш тақырыпқа арналған. Жетісайда 31, Сайрамда 30 семинар ұйымдастырылған. Жалпы облыс бойынша барлығы 5671 ақпараттық материал таратылған. LED-мониторларда алкогольдің зарары туралы 202 рет бейнеролик көрсетілген. Аталмыш тақырып аясында телевизиялық сюжет пен арнайы фильм де түсірілген. Ішімдікке қарсы ашық есік күні қарсаңында 142 дөңгелек үстел ұйымдастырылған.

Денсаулық сақтау шығындары, еңбек өнімділігінің төмендеуі және еңбек қабілеттілігінің жоғалуы, сондай-ақ әлеуметтік мәселелер мен жастар арасындағы жұмыссыздық алкоголь мен шылым шегуден туындауы мүмкін. Алкоголь мен шылым шегу адамның өмір сапасына, денсаулығына, психологиялық және әлеуметтік жағдайына теріс әсер етеді. Темекі мен алкогольдің денсаулыққа зияны орасан зор. Сондықтан олардан бас тарту немесе тұтынуды шектеу, салауатты өмір салтын ұстану маңызды. Сондықтан, бұл әдеттерден бас тарту, салауатты өмір салтын ұстану және адамдарды алкоголь мен шылым шегудің зияндары туралы ақпараттандыру маңызды.

Түркістан облысында алкогольге қарсы сананы дамыту шаралары жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, зиянды әдеттерден арылуға ықпал етуде. Бұл шаралар білім беру, ақпараттандыру және қоғамдық белсенділік арқылы жүзеге асып, өңірде халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Алкоголь мен шылымға тәуелділіктің алдын алу — қоғамның әл-ауқатын арттыруға, өмір сапасын жақсартуға және болашақ ұрпақтың дені сау болуына жасалған маңызды қадам.

 

 

Сұхбат

PhotoRoom