Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха қаласындағы Теміржол шағын ауданында 300 орынға арналған заманауи мектеп пайдалануға берілді. Білім беру нысаны Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынды.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов атап өткендей, бұл жоба тек жаңа ғимараттар салуға ғана емес, сонымен қатар оқушылардың интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған. «Мектептердің заманауи технологиялармен жабдықталуы, инклюзивті инфрақұрылым және қауіпсіз жағдай – өсіп келе жатқан ұрпақтың сапалы білім алуына негіз болады», – деді аймақ басшысы.
Шемонаиха қаласындағы жаңа мектеп физика, химия, биология, математика, информатика, тілдер мен музыка пәндері бойынша интерактивті панельдермен жабдықталған арнайы кабинеттермен қамтылған. Оқушылардың инженерлік-техникалық дағдыларын дамыту мақсатында STEM-зертханалар, робототехника кабинеті және Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың инженерлік сыныбы ашылған.
Мектеп оқушыларының кәсіби бағытталуын қамтамасыз ету үшін аспаздық, тігін, ағаш өңдеу шеберханалары мен IT-студия жұмыс істейді.
Инклюзивті білім беруге ерекше назар аударылған. Мектепте логопед, психолог, дефектолог кабинеттері, сенсорлық бөлмелер және арнайы білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істеуге арналған С. Аманжолов атындағы ШҚУ қолдауымен ашылған «Danabala» кабинеті бар.
Мектеп инфрақұрылымына демалыс аймақтары, коворкинг, кітапхана және оқу залы, акт және хореография залдары кіреді.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйесі, кіруді бақылау, жеке шкафтар, лифт, пандус және тактильді белгілер орнатылған.
Шемонаихадағы мектептің ашылуы – «Келешек мектебі» ұлттық жобасының маңызды нәтижелерінің бірі. Бұл жоба балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, сапалы білімге қолжетімділікті арттыруды көздейді.