Таза Қазақстан: ШҚО-да «Jasyl El» жасақтары жаңа маусымын бастады

Рейтинг
26.05.2025, 19:22
Таза Қазақстан: ШҚО-да «Jasyl El» жасақтары жаңа маусымын бастады

Күршім ауылында «JASYL EL» жастар еңбек жасақтарының XXI маусымы ашылды. Іс-шараға республикалық штаб жетекшісі Нұрасыл Бекматов қатысып, жастарды құттықтады. Ол «JASYL EL» жобасының биыл 20 жылдығы екенін атап өтіп, жыл соңында үздік жасақтар марапатталатынын айтты.
2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл жасақтар экологияны сақтау, көгалдандыру, жастарды еңбекке баулу бағытында жұмыс істейді. Былтыр ШҚО-да 1021 жас қамтылса, биыл 1000 адамды тарту жоспарланған.
Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға мемлекеттік органдар мен волонтерлер қатысты. Жастар ағаш егіп, тазалық жұмыстарын жүргізді. Жиында маусымдық жұмыспен қамту, экологиялық мәдениет, жұмыс берушілермен әріптестік мәселелері талқыланды.
– Биыл облыстағы жастар жасақтары 11 аудан мен 2 қалада жұмыс істейді. Бағдарламаға 13 жұмыс беруші қатысады. 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылатын әлеуметтік және экологиялық жобаларға қатысып, ағаш көшеттерін отырғызып, ауыл, қала, аудан аумақтарын, түрлі нысандар маңын тұрмыстық қалдықтардан, қоқыстардан, шөптерден тазаламақ, – дейді «JASYL EL» жасағы облыстық филиалының директоры Мақсат Кәрімбаев.
Оқушылар, студенттер мен жұмыссыз жастар үшін бұл жоба – тәжірибе алаңы. Жобаға қатысушы жастар – халықтың әлеуметтік осал топтары, жұмыс жасай алатын мүмкіндігі шектеулі адамдар, NEET санатындағы жастар.

Сұхбат

PhotoRoom