ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТІГІН ФАБРИКАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛМАҚ

Рейтинг
23.05.2025, 11:12
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТІГІН ФАБРИКАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛМАҚ

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып ауысқалы жеті жылдан астам уақыт өтті. Облыс орталығы Түркістанөңіріне инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар қарқындыжалғасуда. 

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Мақтаарал ауданының өндірістік әлеуеті жаңа деңгейге көтерілуде. Аудан әкімі Бақыт Асанов жуырда Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасындағы іскерлік ынтымақтастық негізінде құрылған «FANGAO киім тігу» ЖШС-нің өкілі Джу Ян Кун мырзаны ресми қабылдады. Маңызды кездесуде Атакент кентінде заманауи киім тігу фабрикасын ашу мәселесі талқыланды. 

Аталған кәсіпорын – екі ел арасындағы өндірістік кооперацияның жарқын көрінісі. «FANGAO» компаниясы Атакент кентінен жалпы көлемі 1200 шаршы метрді құрайтын, толық жөндеуден өткен ғимаратта киім тігу фабрикасын іске қосуды жоспарлауда. Бұл жоба аудан экономикасына елеулі серпін беріп қана қоймай, тоқыма және жеңіл өнеркәсіп саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Фабриканың басты миссиясы – отандық нарыққа заманауи талаптарға сай, жоғары сапалы мектеп формаларын ұсыну. Алғашқы кезеңде Мақтаарал ауданы мен көршілес аудандардың мектеп оқушыларын толықтай отандық өніммен қамту көзделуде. Мұндай бастама ата-аналар үшін де тиімді, себебі сапа мен баға арасындағы тепе-теңдік сақталып, шетелдік өнімдерге тәуелділік азаяды. Болашақта фабрика өз өнімдерін еліміздің басқа өңірлеріне де ұсынуды жоспарлап отыр. Жаңа өндіріс орнының іске қосылуы өңір үшін үлкен әлеуметтік маңызға ие. Жоспарға сәйкес, фабрика 200-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Бұл – жергілікті тұрғындар үшін табыс көзі ғана емес, кәсіби дамуға, жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін алаң. Кәсіпорын шеберлікке мән беріп, сапалы кадрлық құрам қалыптастыру мақсатында маусым айының соңынан бастап жұмысқа қабылдау және оқыту кезеңдерін бастамақ. Болашақ қызметкерлер тігін ісінің қыр-сырын үйреніп, арнайы оқыту бағдарламаларынан өтеді. Мұндай әдіс кадрлардың біліктілігін арттырып қана қоймай, өнім сапасының жоғары болуын қамтамасыз етеді.

 

«FANGAO» компаниясы болашақта өз брендін Қазақстан нарығында ғана емес, шетелдік нарықтарға да шығаруды көздеп отыр. Сұранысқа байланысты мектеп формасынан өзге де киім түрлері – спорттық киімдер, қызметтік униформалар және күнделікті киім үлгілері тігіледі. Бұл компанияның бәсекеге қабілетті, икемді әрі нарық сұранысына жауап беретін өндіріс орнына айналуына сеп болады. Атакент кентінде ашылғалы отырған бұл фабрика – тек экономикалық жоба ғана емес, әлеуметтік тұрақтылықтың, жергілікті тұрғындарға қамқорлықтың және отандық өндірісті қолдаудың нақты үлгісі. «FANGAO» компаниясының бұл бастамасы – Мақтаарал өңірінің дамуына оң ықпалын тигізіп, Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің өркендеуіне жол ашады деп сеніммен айтуға болады.
Мақтаарал ауданы елімізде “ақ алтын” өндіруден көш басында тұрған аумақ екені белгілі.  Мақта қабылдау көлемін жылына 30 мың тоннаға жеткізуді жоспарлаған. Бүгінде Мақтаарал, Жетісай аудандарындағы 12 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар мақта қабылдау пункттерінде 200-ге жуық шаруа қожалығы тартылған. Зауыт күніне 600 тонна таза мақтаны өңдеп шығарады. Оған қоса 180 тонна мақта талшығы өңделеді. Нәтижесінде жылына шамамен 65 мың тонна мақта талшығы шығарылады. Аталмыш мақта талшығынан алдағы уақытта оқушылар үшін мектеп формалары тігіледі. Тек Түркістан облысы ғана емес еліміздің өзге өңірлері үшін де формалар дайындалу жоспарлануда.

Сұхбат

PhotoRoom