23.05.2025 в 11:11

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН КОРЕЯ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУ ЖОСПАРЛАНУДА

Түркістан облысы мен Корея елі арасында іскерлік байланыс нығая түспек.Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Құрметті консулы, KITA-ның штаттан тыс директоры, Dongkwang Corporation-ның төрағасы Ли Санг Хун бастаған «Dongkwang Corporation», «BLE., Co Ltd», «ETOV» компанияларының өкілдерімен кездесті.

Іскерлік жүздесуде Қазақстан мен Кореяарасындағы ынтымақтастықты кеңейту, екі ел арасында экономикалық байланысты нығайтутуралы кеңінен сөз болды. 

Нақтырақ айтқанда, логистикалық хаб, тау-кен өндіру, кабель шығару бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайы кеңінен талқыланды. Облыс әкімі Корея елінен келген инвесторларға Түркістан облысының инфвестициялық әлеуетімен таныстырып, экономикалық және іскерлік байланыстарға ашық екенін жеткізді.

– Корея – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі және біздің қарым-қатынасымыз көпжылдық достық пен өзара құрметке негізделген. Ең алдымен, 2024 жылғы қарашада Түркістан облысы делегациясының Корея мемлекетіне сапары аясында өткен бизнес-семинарды ұйымдастырғандарыңыз үшін алғыс білдіргім келеді. Бұл іс-шара экономикалық және іскерлік байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Түркістан облысы халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Жарқын мысалдардың бірі – Түркістан облысы әкімдігі мен Кореяның Халықаралық сауда қауымдастығы (KITA) арасында Корея Республикасы Президентінің Қазақстанға сапары аясында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы. Білім беру және технологиялар саласында биыл Түркістан қаласында Кореяның жетекші жоғары оқу орындарының бірі — «Woosong» университетінің филиалы ашылады. Сондай-ақ энергетикалық ынтымақтастық шеңберінде біз «Doosan Enerbility» компаниясымен бірлесіп, облыста қуаттылығы 926 МВт болатын бу-газ электр станциясының құрылысын іске асырып жатырмыз. Өңір табиғи ресурстарға бай және климаты ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы. Түркістан облысы Корея елімен ынтымақтастықты жалғастыруға және тереңдетуге дайын екенін ерекше атап өткім келеді, – деді Нұралхан Көшеров.

Аймақ басшысы алдағы уақытта өзара тиімді және екіжақты қатынастарды нығайтуға ықпал ететін бірлескен жобаларды іске асыруға ашық екенін жеткізді. 

Облыста инвестициялық ахуал дамып келеді. Негізгі инвестициялық алаңдар ретінде 15 индустриялық аймақ пен жалпы ауданы 3987,39 гектарды құрайтын «TURAN» арнайы экономикалық аймағы бар. АЭА қатысушыларына әкімдік тарапынан қолдау мен жеңілдіктер қарастырылған. Қазіргі уақытта АЭА-да 129 жоба жүзеге асырылуда. Олардың 95-і іске қосылған. Түркістан облысы өңдеуші өнеркәсіп және жер қойнауын пайдалану саласында үлкен әлеуетке ие. Облыс елімізде уран өндіру бойынша алдыңғы қатарда тұр. Бұдан бөлек, өңірде алтын, күміс, қорғасын, мырыш сияқты 38 түрлі пайдалы қазбаның қорлары бар. «Dongkwang Corporation» компаниясының төрағасы әріптестік орнатуға ниетті екенін жеткізіп, корпорацияның жұмысымен таныстырды.

– «Dongkwang Corporation» 30 жылдан астам уақыттан бері экспорт пен логистика саласында жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ автокөлік бөлшектері мен жағармай материалдарын жеткізу, кеме бөлшектерін жөндеу, чартер және жеткізу қызметтерімен айналысады. Бүгінде біздің оннан астам елде серіктестеріміз бар. Түркістан облысында да жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Ли Санг Хун. 

 

Корей халықаралық сауда қауымдастығы (KITA) – Оңтүстік Кореяның ең ірі іскерлік ассоциациясы. Ол 70 мыңнан астам компанияны біріктіреді. KITA Оңтүстік Кореяның жаһандық сауда компанияларының мүддесін қорғай отырып, оларды практикалық қолдаумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар сауда саласында ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді және осы саладағы мамандарды дайындайды. Айта кетейік, биыл Түркістанда «C5+Korea» халықаралық форумын өткізу жоспарлануда. Бұл форум Корея Республикасының губернаторлар қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырылмақ.