Ұлытау облысында жазғы сауықтыру орындары санитарлық талаптарға сай дайындалуда

Рейтинг
21.05.2025, 17:01
Ұлытау облысында жазғы сауықтыру орындары санитарлық талаптарға сай дайындалуда

Балалардың қауіпсіз демалысы – басты назарда: Ұлытау облысында жазғы лагерьлер қатаң санитарлық талаптарға сай дайындалуда

Ұлытау облысында жазғы сауықтыру маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Өңірдегі барлық балалар лагерьлері санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жұмыс істеуі үшін жүйелі шаралар қабылдануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері мәлімдеді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 10 тамыздағы № ҚР ДСМ-78 бұйрығына сәйкес, жазғы сауықтыру маусымы басталғанға дейін барлық лагерьлерде жөндеу, дезинфекция, сумен жабдықтау жүйелерін тазарту, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Санитарлық талаптарға сәйкес:

Барлық бөлмелерде табиғи желдету болуы тиіс;

Ауыз су тексеріліп, бекітілген санитарлық нормаларға сай берілуі керек;

Лагерь қызметкерлері міндетті медициналық тексеруден өтіп, арнайы киім және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі қажет.

Лагерьлер тек санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алғаннан кейін ғана жұмысын бастай алады. Жұқпалы ауру белгілері бар немесе медициналық анықтамасы жоқ қызметкерлер лагерьлерде жұмыс істеуге жіберілмейді.

Балаларды қабылдау кезінде ата-аналардан 071/е нысанындағы медициналық анықтама мен жұқпалы аурулармен байланыста болмағаны туралы құжат талап етіледі.

Сонымен қатар, маусым бойы әр ауысым аяқталғаннан кейін міндетті түрде жалпы тазалау, дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Қоқыс контейнерлері үш жағынан қоршалған, су өткізбейтін жабындысы бар алаңда орнатылып, қақпақтары тығыз жабылуы қажет.

Санэпидбақылау департаментінің өкілдері жазғы кезеңде балалар лагерьлерінің қауіпсіздік жағдайы тұрақты бақылауда болатынын мәлімдеді.

Сұхбат

PhotoRoom