15.05.2025 в 18:45

«Отбасы – ұлт болашағы»: Өскеменде отбасы құндылықтары мен еңбек мәдениеті талқыланды

15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай Өскеменде «Жұмыс орындарында отбасыға қолайлы саясатты нығайту» атты халықаралық конференция өтті. «Отбасы – ұлт болашағы» ұранымен өткен шараға еліміздің әр өңірінен мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық серіктестер, ірі компаниялардың HR-мамандары, кәсіподақтар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Конференцияда отбасының қоғамдағы рөлі, оның адамның еңбекке деген көзқарасы мен жұмыс сапасына әсері кеңінен сөз болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, отбасы институтын қолдау арқылы еңбек өнімділігін арттырып, ел экономикасының тұрақтылығына үлес қосуға болады.
– Бұл конференцияның басты мақсаты – отбасы құндылықтарын еңбек ұжымдары арқылы дәріптеу. Әр адам – еңбекке қабілетті азамат. Ал оның отбасындағы жағдайы тікелей жұмысқа деген ынтасына әсер етеді. Сол себепті де отбасылық саясатты жұмыс орындарымен байланыстыра отырып дамыту – өте өзекті қадам, – деді Ұлттық комиссия мүшесі Бибігүл Ағыбаева.
Оның айтуынша, отбасы тақырыбы әсіресе биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ерекше маңызға ие болып отыр.
– Қазір қоғамда отбасылар ажырасып кетіп жатқан жағдайлар жиі кездеседі. Мұның артында терең әлеуметтік себептер бар. Бұл мәселеге бейжай қарамай, алдын алуға бағытталған нақты шараларды қолға алуымыз керек. Бастысы – мұндай маңызды мәселелердің ашық талқыланып жатқаны қуантады, – деді ол.
Конференцияда сондай-ақ еңбек әулеттерін сақтау, жұмыс орнында моральдық-психологиялық қолайлы орта қалыптастыру, отбасы жағдайын ескеретін цифрлық қызметкер картасын енгізу секілді ұсыныстар да айтылды.
– Бұрын біз корпоративті мәдениетте отбасыны бөлек фактор ретінде қарастырмайтынбыз. Бірақ уақыт өте келе, адамның жеке өмірі мен жұмысы – бір-бірімен тығыз байланысты екенін түсіне бастадық. Бүгінде қызметкердің отбасылық жағдайы оның жұмысқа қабілетін анықтайтын негізгі факторлардың бірі болып отыр, – деді AITAS Agro компаниясының стратегия және маркетинг жөніндегі директоры Әлия Сванова.
Жиын соңында мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілерге арналған ұсыныстар енгізілген арнайы резолюция қабылданды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл құжат алдағы уақытта нақты істерге негіз болады.
– Отбасы – мемлекеттің тірегі. Сондықтан оны қолдау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Жұмыс орындары осы бағытта үлес қосса, қоғам әлдеқайда үйлесімді әрі тұрақты болады, – деп түйіндеді қатысушылар.