Қазақстан мен Италия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы орнатылып, сол жылы Италияның Қазақстандағы Елшілігі, ал 1996 жылдан бастап Қазақстанның Елшілігі ашылды.
Италия еліміздің ірі сауда серіктесінің бірі. Тауар айналымы 2021 жылдан бастап қарқынды өсіп, осы аралықта 10 млрд доллардан 17 млрд долларға дейін жетті. Биылғы жылдың 10 айында тауар айналымы 17,4 млрд долларға жетсе, оның 16,4 млрд доллары экспортты, 1 млрд доллары импортты құрайды. Елдегі итальяндық компаниялардың саны 300-ге жуық.
Жиырма жылға жуық уақыт аралығында Италиядан тартылған тікелей инвестиция 7,6 млрд долларды құрайды.
Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко дипломатиялық миссиясы аяқталған Италияның еліміздегі Елшісі Марко Альбертиді қабылдауында айтты.
Министр орынбасары итальяндық елшіге екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытуға, жоғары деңгейдегі сапарларды ұйымдастыруға, Алматыда Италия мәдениет орталығының ашылуына, тікелей әуе қатынастарының ашылуы мен сауда-экономикалық, білім, мәдениет, туризм салаларындағы ынтымақтастықтың артуында қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді.
Кездесу соңында Роман Василенко Марко Альбертидің алдағы қызметіне сәттілік тілей отырып, елдер арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Президентінің алғысын және «Барыс» төсбелгісін табыстады.
Италия Елшісі қазақ тарапына дипломатиялық қызметін атқару кезінде көрсеткен қолдаулары үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дами түсетініне сенімін білдірді.
Ал, бұл ретте Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев елімізді таныстыру, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында бірқатар іс-шаралар, кездесулерге қатысып, келіссөздер жүргізуде.
Соның бірі, «Opinio Juris» итальяндық геосаяси журналының «Орталық Азиядағы жаңа үлкен ойын» тақырыбындағы арнайы санының танысырылымы болды.
Онда Елші Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлінен, халықаралық бастамалары мен түрлі салалардағы мүмкіндіктері мен елдегі реформалардан, тарихы мен мәдениеті, ұлттық бірегейлігі мен көпжақты ынтымақтастығынан хабардар етті.
Неапольдің Шығыс университеті алаңында өткен семинарда оқу орнының професссоры Т.Тревизани қазақстандық ғылыми мекемелермен академиялық, ғылыми, мәдени алмасулар жолға қойылғанын хабарлады.
Журналда еліміздің халықаралық қатынастардағы рөлі, Орталық Азиядағы орны, шетелдік инвестиция тарту мүмкіндіктері мен сауда-экономикалық дамуы жайында ақпарат жарияланған.
Сонымен қатар, Флоренцияда қазақ дипломатының қатысуымен «Қазақстанның минералдық ресурстары және тау-кен өндіру саласы» атты семинар өтті.
Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш Президенті Қаныш Сәтбаевтың 125-жылдығына арналған іс-шарада еліміздің минералдық ресурстары, сирек металдарды игеру мен олардың инвестициялық мүмкіндіктері жайында ақпарат берілді.
Семинарға Италияның Еуропалық парламент депутаттары мен геология қорының, іскерлік қауымдастықтардың, Италия-Қазақстан сауда палатасы мен энергетикалық компания, Қазақстанның құрметті консулдары қатысып, сөз сөйледі.
Сондай-ақ, онлайн қатысқан Италия Парламенті Сенатының Төрағасы И.Ла Русса мен Италия туризм министрі Д. Сантанке елдер арасындағы ынтымақтастықтың дамуы мен сауда-экономикалық байланыстары жайында өз ойларын ортаға салды.
Қатысушыларға «Қаныш Сәтбаев. Халыққа арналған күш пен қабілет» атты кітап таныстырылып, оның бір данасы Тоскана Геология қорына сыйға беріліп, Қаныш Сәтпаевтың өмірі, еліміздегі ғылымның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі баяндалды.
Одан бөлек, семинар барысында сирек жер металдарын дамыту перспективалары жайында «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қ.Шабанбаев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары М.Сұлтанбек, «Kazakh Invest»-тің Италиядағы өкілі А.Мұқанова ақпарат берді.
Италиялық қатысушылар бұл саладағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, минералды инвестициялар саласында инвестициялық серіктестікке дайын екенін жеткізді.
Ал, қазақстандық оқушылар Римде өткен халықаралық робототехника әуесқойларының жарысында Ақмола облысы Бурабай ауданының оқушылары әлем чемпионы атанды. Бұл команда Түркияда өткен Азия чемпионатында жеңіске жетіп, Римге жолдама алған болатын.
28 мемлекеттен қатысқан жарыс 14 санат бойынша ұйымдастырылып, бір санатқа 1 мемлекеттен 5 команда қатыса алады.
Бұл бағытта облыс оқушыларын 80 робототехника үйірмелері мен 200-ден астам кабинеттер оқытады.
Қазақстандық жастар Италияда өткен шахматтан әлем чемпионатына қатысты. 80-нен астам елден 700 жас қатысқан жарысқа елімізден 32 жас шахматшы қатысты. Ел намысын әлем, Азия, Қазақстан чемпиондары мен күміс жүлдегерлері қорғады. Оның ішінде, 2023 жылғы әлем чемпионы Данис Қуандықұлы, Азия чемпиондары Ризат Ұлан және Нұралы Болашақов, Қазақстан чемпиондары Нұрмұхамед Елемес пен Әлиша Бисалиева және басқалар бар.
Қазақстан дипломаты жастарға қолдау көрсетіп, жас шахматшыларға табыс тіледі.
Қазақстан мен Италия арасындағы туризм саласындағы қарым-қатынас қарқынды дамуда. Бұл ретте жақында Миланда қазақстандық делегация «Астана-Милан 2024» туристік роуд-шоуын ұйымдастырып, еліміздің туристік орындары, туризм саласындағы ынтымақтастық пен саланы дамыту мақсатында қолға алынған жобалар таныстырылды.
Елде әлемнің 33 елімен тікелей әуе қатынасы орнатылып, 130 халықаралық әуе рейсі бар. 109 елдің азаматтары үшін электрондық визалар және 83 ел үшін визасыз режим енгізілген.
Сонымен қатар, роуд-шоу аясында Италия туристік нарығында Астана қаласын ілгерілету бағыттары, одан бөлек, туризмді ілгерілету бойынша B2B кездесулер мен интерактивті сессиялар ұйымдастырылды.
Ерболат Сембаев Қазақстанның әлеуетімен, саяси-экономикалық дамуы мен Италиямен арадағы ынтымақтастық туралы «Ла Сапиенца» университетінің студенттерін таныстырды.
Елші еліміздің сыртқы саяси бастамаларынан, халықаралық ұйымдардағы рөлінен, елдегі реформалардан хабардар ете отырып, сыртқы саясатта әрқашан бейбітшілік пен қауіпсіздікті ұстанатынын атап өтті.
Сыртқы саясаттағы маңызды бағыт ретінде Еуропалық Одақпен ынтымақтастыққа назар аударылса, ЕО елдерінің соңғы кездері Қазақстанға қызығушылығы артқанын айтты.
Елде әлімдік және дәстүрлі діндер съездері тұрақты өтіп, соңғы съезіне Рим Папасы Франциск қатысқанын айтты.
Дипломат Ресей мен Украинаға қатысты қазақтың ұстанымынан да хабардар етті.
Одан бөлек, климаттың өзгеру, БҰҰ реформалаумен қатар, Қазақстан-Италия ынтымақтастығының жай-күйінен хабардар етті. Италия еліміздің үшінші стратегиялық сауда серіктесі болса, Еуропалық Одақтағы бірінші сауда серіктесі, дейді қазақ дипломаты.
Сонымен қатар, Елші Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында Римге жасаған ресми сапары мен қорытындысы бойынша энергетика, мәдениет, туризм жәәне басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі қол қойылған құжаттар бойынша хабарлады.
Кездесуде Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев ақпарат беріп, ойындар туралы әзірленген арнайы бейнероликті студенттердің назарына ұсынды.
Сонымен қатар, кездесуде спикерлер студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Жалпы айтқанда, Қазақстан Италиямен білім беру саласында студенттермен алмасу ынтымақтастығын жалғастырса, мәдениет пен ғылым бағытында кітапхана ісі, ғылыми зерттеу, тақырыптық іс-шараларды өткізуде тығыз қарым-қатынас орнатқан.
Елшілік ғимаратында «Абай ақпараттық-мәдени орталығы» ашылса, бірқатар кітапханалар мен университеттерде Қазақстандық мәдениет пен әдебиет орталығы бар.
Сауда-экономикалық бағытта Қазақстандық экспортты дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.