Қазақстанның Тәжікстандағы Төтенше және Өкілетті Елшілігі 2024 жылды қорытындылады

Рейтинг
24.12.2024, 20:45
Қазақстанның Тәжікстандағы Төтенше және Өкілетті Елшілігі 2024 жылды қорытындылады

Қазақстанның Тәжікстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уәлихан Төреханов жылды қорытындылап, сол елдің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен сарапшыларына арнап брифинг берді.

Онда қазақстандық дипломат жыл бойы Елшілікпен атқарылған жұмыстардан, алдағы жоспарлар мен екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары мен перспективаларынан хабардар етті.

Брифингте Уәлихан Төреханов 30 жылдан астам уақыт бұрын дипломатиялық қарым-қатынас орнаған елдер арасындағы ынтымақтастықтың бүгінгі жай-күйін баяндады.

Дипломат Қазақстан мен Тәжікстанды тек көршілес ел ретінде ғана емес, тарихы мен мәдениеті байланысқан мемлекеттер ретінде қарастыру қажет дейді.   

БАҚ өкілдеріне қазақ Елшісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылдың жазында Тәжікстанға мемлекеттік сапары мен қол жеткізілген келісімдер жайында кеңінен ақпарат берді.

Оның айтуынша, соңғы 5 жылда сауда-саттық көлемі екі есе өсіп, 1 млрд доллардан асқан көрсеткішті тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізу келісілген. Ауыл шаруашылығының өзінде тауар айналымы 12 пайызға өссе, оның ішінде экспорт көлемі 22 пайызға артқан.

Бұл салада Қазақстаннан ет, майлы және дәнді, азық дақылдар экспортталуда.

Осыдан 9 жыл алдын серіктестік туралы келісімге қол қойылса, бұл жылы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойып, екі ел енді тек серіктес қана емес, одақтас мемлекеттерге айналған.

Мемлекеттік сапар аясында цифрландыру, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика, мәдениет және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамыту бойынша 16 құжатқа қол қойылған.

Сапар аясында сауда-инвестициялық форум өткізіліп, түрлі салаларда 900 млн долларға келісімшарттарға қол қойылған.  

Сондай-ақ, екі ел арасындағы әріптестікті нығайту мақсатында жыл басында Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектеновтің де Тәжікстанға сапары ұйымдастырылған. Онда Үкімет басшысын Тәжікстан Президенті арнайы қабылдап, сауда, инвестиция, ауыл шаруашылығы, көлік, су, энергетика, сонымен қатар серіктестіктің жаңа бағыты ретінде цифрландыруды дамыту жайында талқылаған болатын. Одан бөлек, Тәжікстанда кен орындарын бірлесіп игеру және жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қаралған.

Сонымен қатар, мәдени-гуманитарлық әріптестік аясында Қазақстанның мәдениет күндерінің сәтті өтуі,  Душанбедегі Фирдавси саябағында Абай Құнанбаев бюстінің ашылуын атап өтті.

Білім саласында елімізде Тәжікстан азаматтарына квота көлемі 100-ге дейін ұлғайтылып, нәтижесінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында 400 тәжік жастары білім алса, 100-ге жуық қазақ жастары Тәжікстанда білім алуда.

Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Душанбедегі қазақстандық студенттермен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастың дамуымен қатар, өздері тұрып жатқан елдің, оқып жатқан жоғары оқу орындарының заңдары мен ережелеріне бағынуға, әдептілік сақтауға, жақсы білім алып,болашақта қазақ елінің дамуында алған білімдерін қолдануға шақырды.

Келесі жылға Елшілікпен жоспарланған мәдени  іс-шаралармен бөлісе келе, жастарды белсенділік танытуға шақыра отырып, жас буынның пікірлері мен идеяларын тыңдады.

Желтоқсан айында қазақстандық Елшілік Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған Халықаралық қайырымдылық жәрмеңкеге қатысып, «Kazakhstan: Born Bold» халықаралық имидждік науқанын таныстырып, жәрмеңкеге келгендерге қазақтың ұлттық тағамдары мен сусындарын ұсынды.

Сұхбат

PhotoRoom