24.12.2024 в 20:38

Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері Қытайда таныстырылды

Қытай еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Осы ретте, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып, инвесторларды кеңінен тарту мақсатында атқарылған жұмыстар аз емес.

Мәселен, күн энергетикасы индустриясы саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру, бұл бағыттағы инвесторларды тарту мақсатында Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі қытайлық компаниялармен кездесулер өткізіп, еліміздің әлеуетімен таныстыруда.

Осы ретте, қазақ Елшілігінің кеңесші-уәкілі Қуаныш Амантай «LONGi Green Energy Technology» компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы Чжун Баошэнмен кездесіп, ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

25 жылдық тарихы бар күн энергиясы технологиясының жетекші компанияларының бірі саналатын «LONGi Green Energy Technology» күн батареяларын өндіру бойынша әлемде бірінші орында.

Чжун Баошэн қазақ өкілін компания қызметімен таныстыра отырып, осы бағытта бүгінде АҚШ-та, Малайзияда, Вьетнамда іске асырылып жатқан жобалар мен нәтижелерінен хабардар етті. Компания күн батареяларынан бөлек, сутегі және метанол өндірісін қолға алған.

Компанияның жарғылық капиталы 104 млрд долларды құраса, тек биылғы жылдың 9 айындағы табысы 165 млн долларды құраған.

Қуаныш Амантай компания басшылығын Қазақстанның инвестициялық ахуалы мен инвесторларға көретілетін жеңілдіктер мен мүмкіндіктерден хабардар етіп, елдегі жасыл экономиканың даму бағыттарымен таныстырды.

Кездесу нәтижесінде кеңесші-уәкіл компания өкілдерінің Қазақстанға сапарын ұйымдастыруды ұсынып, энергетика бағытындағы ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыру бойынша жұмыс кездесулерін ұйымдастыру келісілді.

Қазақ-қытай ынтымақтастығының жай-күйі, еліміздің инвестициялық ахуалы, Қазақстандағы экономикалық реформалар мен серіктестікті дамытудың жаңа қадамдары талқыланған «Қазақстанның достары клубының» 7-ші отырысы өтті.

Онда Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформаларынан хабардар етіп, биылғы жылы екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тоқталды.

Қазақ дипломатының хабарлауынша биылғы жылдың 11 айында тауар айналымы 40,1 млрд долларды құраған.

Елші Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен жасалған келісімдер мен қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды.

Оның айтуынша, мемлекеттік сапар барысында түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамыту бойынша 30-дан астам құжаттарға қол қойылған. Білім саласында гранттардың көлемін ұлғайту келісілсе, автокөлік құрастыру техникасын үйрететін екінші Лу Бань шеберханасының ашылуы тағы бір жеңістердің бірі болған.

Қытайлықтар «бір мемлекет – бір шеберхана» ұстанымын қолданғанымен, Қытай төрағасының шешімімен елімізде ашылған екінші шеберхана болатын. Бұған дейін Өскеменде құрылған орталық, бүгінде Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінде ашылған.

Одан бөлек, сапар аясында Бейжің Тіл және мәдениет университетінің филиалы ашылған.

Клуб мүшелері де қазақ-қытай ынтымақтастығына қатысты өз ойларымен бөлісіп, мемлекеттік сапар аясында қол жеткізілген уағдаластықтың іске асырылу нәтижелерімен бөлісіп, алдағы перспективаларды талқылады.

Сонымен қатар, отырыс барысында әлемдік күн тәртібіндегі мәселелер мен БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы Қазақстан-Қытай арасындағы ынтымақтастық талқыланды.

2015 жылы құрылған клубтың құрамына мемлекет қайраткерлері мен мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми, сараптамалық, қоғамдық топтардың өкілдері енген.

Айта кету керек, бұл отырысқа Қытай Сыртқы істер министрінің көмекшісі Лю Бинь, Қазақстандағы бұрынғы қытайлық елшілер, ғылыми-зерттеу орталықтардың басшылары мен мемлекеттік органдарың, академиялық топтардың өкілдері қатысты.

Одан бөлек, Сиань қаласында білім алып жатқан қазақстандық студенттердің «Kazakhstan Students Association in China» қоғамдық бірлестігінің жұмысын қайта жандандыру үшін кездесу өтті. Бұл ұйым Қытайда оқитын қазақ жастарының бір-біріне құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсету мүмкіндігін беру, сонымен қатар жастардың ұйымшылдығын арттыру, патриоттық тәрбие беру болып табылады.

Талантты жастарға қолдау көрсету мақсатында тәлімгерлік-практикалық курстарды қытайлық ірі компанияларда өткізуді қарастыруда.

Жастарды еліміздің түрлі мәдени, шығармашылық іс-шараларына тарту мақсатында келесі жылға іс-шаралар жоспары әзірленді.