Қазақстан-Вьетнам ынтымақтастығы қарқынды дамуда

Рейтинг
24.12.2024, 19:07
Қазақстан-Вьетнам ынтымақтастығы қарқынды дамуда

Еліміздің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктесі саналатын Вьетнаммен дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы орнаған. Арада 16 жыл өтіп Қазақстанда Вьетнамның Елшілігі, 2013 жылы Вьетнамда Қазақстанның Елшілігі ашылды.

Осы аралықта екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастық пен парламенттер арасындағы әріптестік қарқынды дамыды.

Білім саласындағы келісім аясында қазақстандық және вьетнамдық студенттер жоғары оқу орындарында алмасу бойынша оқу мүмкіндіктері пайда болды.

Вьетнам Коммунистік партиясы Саяси Бюросының мүшесі, Хо Ши Мин атындағы Ұлттық саяси академиясының президенті, Орталық теориялық кеңес төрағасы Нгуен Суан Тханг бастаған вьетнамдық делегация Қазақстанға арнайы сапармен келді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нгуен Суан Тхангты қабылдап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып жатқанын айтты.

Қазақстан мен Вьетнам арасындағы әріптестікті түрлі салаларда дамыту қажеттігіне тоқталып, заңнамалық тұрғыдан екіжақты қарым-қатынастарды қамтамасыз ету үшін парламентаралық байланыстарды жандандырудың маңыздылығына қатысты пікір алмасты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Вьетнам Президенті Лыонг Кыонгты келесі жылы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Делегация мүшелері Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында болып, қызметімен танысты.

Сонымен қатар, мемлекеттер арасындағы сараптамалық қарым-қатынастарды дамыту мақсатында қазақстандық институт пен Хо Ши Мин Ұлттық саяси академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Одан бөлек, мемлекеттік органдар, партиялар, ғылыми ұйымдар өкілдерінің қатысымен арнайы семинар ұйымдастырылып, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық, білім, ғылым, мәдениет, инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты дамыту қарастырылып, жаңа бағыттар талқыланды.

Бүгінде туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында түрлі форматтағы кездесулер ұйымдастырылуда. Мәселен, Ханойда Қазақстанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында Вьетнам Ұлттық кәсіпкерлер қауымдастығы, колледж басшылығы, туризм саласының сарапшылары мен БАҚ, туркомпания өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Онда еліміздің осы саладағы жетістіктері, визалық көші-қон режимін жетілдіру, биылғы жылдан бастап екі ел арасындағы визасыз режимнің енгізілуі мен жаңа рейстердің ашылуы, Қазақстанның әсем табиғаты мен емдік және тарихи орындары таныстырылды.

Қатысушылар назарына «Kazakhstan: Born Bold» жарнамалық компаниясының жұмысы таныстырылып, туристік саладағы еліміздің жетістіктері көрсетілді.

Биыл Қазақстан «Lonely Planet best in Travel 2025» беделді тізіміне енген.

Қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты жандандыру мақсатында қазақстандық Елші Қанат Тумыш Вьетнам Ұлттық қорғаныс министрлігі ұйымдастырған «Vietnam Defense Expo 2024» (VDE-2024) іс-шарасына қатысты.

Ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестікті дамыту  мақсатында Қанат Тумыш Вьетнамның Ауыл шаруашылығы және өңірлерді дамыту вице-министрі Фунг Дык Тьенмен кездесті.

Онда тараптар ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою, Ауыл шаруашылығы жөніндегі Кіші комитеттің 2-ші отырысын өткізу, мал шаруашылығындағы қарым-қатынастарды нығайту бағыттарын қарастырды.

Қазақстандық дипломат Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауынан, саяси реформалар мен сауда-экономикалық даму бағыттары мен инвестициялық мүмкіндіктері бойынша ақпарат берді.

Екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланған кездесу Вьетнам Социалистік Республикасының Сыртқы істер министрі Консулдық қызмет департамент директорының м.а. Фан Тхи Минь Жиангпен өтті.

Кездесуде қазақ дипломаты Мемлекет басшысының биылғы Жолдауынан, елдегі саяси реформалар мен қолға алынған жобалардан хабардар етті.

Одан бөлек, тараптар консулдық-құқықтық, туристік, көліктік, логистикалық салалардағы ынтымақтастықты дамыту, Хошимин қаласында Қазақстанның Құрметті консулын тағайындау мәселелерін талқылады.

Ал, Елші Қанат Тумыш алғаш рет Вьетнамда ұйымдастырылған ұлттық халал конференциясына қатысты. Оның аясында Премьер-Министр Фам Минь Чинмен және Ғылым және технологиялар министрі Хюинь Тхань Датпен кездесіп, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, энергетикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық салалардағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Көлік саласындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде Алматы-Фукуок-Алматы бағытында 5 реттік жиілікпен жаңа рейс ашылып, қарашадан бастап Астана-Фукуок-Астана бағыты бойынша аптасына 2 реттік жиілікпен рейс ашылды.

Бұл туралы Қазақстан Елшісі Қанат Тумыш Азаматтық авиация агенттігіні Әуе тасымалы департаменті директорының орынбасары Дао Нгок Зунгпен кездесуде айтылды.

Сонымен қатар, тараптар келесі жылдан бастап Астана – Камрань – Астана, Алматы – Камрань – Алматы, сондай-ақ Алматы – Дананг – Алматы бағыттары бойынша әуе рейстерін қосу мүмкіндіктерін талқылады.  

Вьетнам Қоршаған орта және табиғи ресурстар министрі До Дык Зюймен кездесуде тау-кен өнеркәсібі, қоршаған ортаны қорғау, минералды және табиғи ресурстарды игеру салаларындағы ынтымақтастық талқыланды.

Сонымен қатар, Елші Вьетнамдық министрді Президенттің биылғы жылғы Жолдауы мен елдегі реформалар мен жобалар жайынан хабардар етті.

Вьетнам Еуропа елдері департаментінің жаңадан тағайындалған директоры Буй Ха Наммен кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен өткен жылғы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға мемлекеттік сапары нәтижесінде уағдаластықтың жүзеге асырылу барысы қаралды.

Ал, Қанат Тумыш ғарышқа ұшқан бірінші вьетнамдық Генерал-лейтенант Фам Туанмен өткен жұмыс кездесуінде Қазақстан мен Вьетнам арасындағы ғарыш, әскери-техникалық, авиация салаларындағы ынтымақтастық пен перспективаларын талқылады.

Кездесу соңында қазақстандық дипломат вьетнамдық ғарышкерді келесі жылы космонавтика күніне орай Қазақстанға келуге шақырды.

Сұхбат

PhotoRoom